Development Bank of Kazakhstan JSC

07/02/2024 | Press release | Distributed by Public on 07/02/2024 08:01

ҚДБ индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға Қытайдың қаржы институттарынан инвестициялар тартады

ҚДБ индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға Қытайдың қаржы институттарынан инвестициялар тартады

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) АӨК, инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібі және «жасыл» энергетика салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзімді қаржы ресурстарын тарту бойынша Қытайдың жетекші қаржы институттарымен келісімдерге қол қойды.

Құжаттарға қол қою ағымдағы жылы Қазақстан төрағалық етуші ел болып табылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында өткізілетін Астанадағы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің аясында өтті.

Қытай құрылыс банкінің )China Construction Bank)Астанадағы бөлімшесімен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім ҚДБ-ға 500 млн АҚШ доллары сомасына жеңілдетілген кредиттік қаражат беруді көздейді. Банк бұл қаражатты инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсайды.

Қытайдың мемлекеттік даму банкімен (China Development Bank) негіздемелік келісім ҚДБ-ға бірқатар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын 250 млн АҚШ доллары және 2 млрд Қытай юані сомасына жеңілдетілген кредит беруді көздейді. Олардың бірі жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіруге қатысты. Жоба Қазақстанның барлық аумағында іске асырылатын болады және өңірлердің көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта ҚДБ «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның 450 млрд теңгеге баламалы кредит желісін ашты.

Сондай-ақ, ҚДБ, China Power International Holding және «Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі» АҚ арасында Ақмола облысында жалпы қуаты 220 МВт жел паркін салу жобасы бойынша синдикатталған қарыз беру ниеті туралы келісімге қол қойылды. Жоғарыда аталған қатысушылардан басқа, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің синдикатына қатысу жоспарлануда. Бұл инвестициялық жоба бес жел электр станциясының құрылысын көздейді: Борей ЖЭС (100 МВт), Energo Trust ЖЭС (50 МВт), Софий ЖЭС (39 МВт), Арқалық ЖЭС (17 МВт) және Jasil Jel Energy ЖЭС (14,95 МВт), олар өңірді экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етуге және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл жоба Қазақстанның 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін елдің жалпы энергия теңгерімінің 80%-на дейін жеткізу жоспарларына сәйкес келеді.

Тағы бір маңызды құжат қуаты жылына 1 млн тонна бидайды терең кешенді өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруды көздейтін ҚДБ, «Shijixianghe Asia Pte. Ltd.» компаниясы және «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум болды. Жоба халықаралық нарықтарға экспорттау мүмкіндігімен терең өңделген өнім өндіруге бағытталған.

«Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты кеңейтеді, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған елімізде стратегиялық маңызды жобаларды іске асыру үшін мүмкіндік туғызады. Біз Қытайдан келген серіктестермен ынтымақтастығымыз екі ел үшін де айтарлықтай пайда әкелетініне сенімдіміз. Біз үшін инвестициялар тағам өнеркәсібі және баламалы энергетика сияқты маңызды салаларға бағытталатыны маңызды», - деп атап өтті ҚДБ басшысы Марат Елібаев.


проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15Z05T3E2Астана
+7 (7172) 79 26 79