Development Bank of Kazakhstan JSC

10/31/2024 | Press release | Distributed by Public on 10/31/2024 09:42

ҚДБ және шетелдік қаржы институттарының синдикаты Көкшетауда аурухана құрылысын қолдайды

ҚДБ және шетелдік қаржы институттарының синдикаты Көкшетауда аурухана құрылысын қолдайды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен, жеке секторды дамыту жөнiндегі Ислам корпорациясымен, DEG дамуды қаржыландыру институтымен және Экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу және қатысу жөніндегі компаниямен (Proparco) бірлесіп Көкшетау қаласында жаңа көпбейінді аурухананың құрылысын қаржыландыру үшін келісімге қол қойды. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы жұмыс істейтін 630 орынға арналған стационар салуды көздейді. Қарыз алушы - «РенЭлл Кокшетау» ЖШС (акционер Rönesans Holding A.Ş.).

Айта кетерлігі, 110 мың шаршы метр аумақта орналасатын жаңа медициналық нысанның құрылысы Орталық Азиядағы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі алғашқы жоба. Жаңа аурухана соңғы әлемдік стандарттар бойынша жабдықталған заманауи медициналық базаға айналмақ. Бұл Көкшетау мен жақын маңдағы өңірлердің тұрғындарын жоғары сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған жобаны іске асыру емдеудің жаңа технологиялары мен әдістерін енгізуді, сондай-ақ өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды көздейді.

Синдикатқа қатысушылар тарапынан бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 365 млн еуроны құрайды, оның ішінде 30 млн еуро - құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жабдықтарды сатып алуға және инвестициялық кезеңдегі өзге де жұмыстарға жұмсалатын шығындарды жабатын Банктің кредиттік қаражаты.

«Бүгін ел азаматтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам жасап жатырмыз. Бұл стратегиялық маңызды жоба халықтың өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, әлеуметтік саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтады. Синдикаттың нәтижесінде біз осындай маңызды бастамаларды іске асыру үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, қаржы институттарының күш-жігерін біріктіреміз», - деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Жоба құрылыс кезеңінде жүздеген жұмыс орнын ашып, пайдалануға берілгеннен кейін медицина саласының білікті мамандарын жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Көпсалалы аурухана Көкшетау қаласында және Ақмола облысында тұратын 730 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін болады.

проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15Z05T3E2Астана
+7 (7172) 79 26 79